Қостанайда ер адам ағзасынан вирус анықталған күннің ертеңіне көз жұмды

686

74 жастағы ер адам коронавирус инфекциясынан қаза тапты.

Қостанайда ер адам ағзасынан вирус анықталған күннің ертеңіне көз жұмды

Жітіқарада коронавирус жұқтырған ер адам қайтыс болды. Бұл Қостанай облысындағы індеттен қаза табудың алғашқы фактісі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Вячеслав Дудник 74 жастағы ер адамның коронавирус инфекциясынан қаза тапқанын растады. Науқас Жітіқарадағы ауруханаға 12 сәуірде жатқызылған. Дәрігерлер оның жөтелі мен демікпесі болғанын, қызуы көтерілгенін айтады. 

"14 сәуірде сағат 18.30-да ер адамның жағдайы күрт нашарлап кетті. Қызуы 39 градусқа дейін көтерілген. Бүгін таңертең интубация жүргізіліп, жасанды желдету аппаратына қостық. Оның жүрегі тоқтағаннан кейін, реанимациялық шаралар жасалды. Бірақ таңғы сағат 8.30-да ол жан тапсырды", – деді Дудник. 

Ауруға шалдыққан екінші науқас (әйел адам) қазір Жітіқарадағы инфекциялық стационарда. Оның жағдайы орташа ауыр.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының айтуынша, науқастарда инфекцияның белгілері 5 сәуірде байқалған. Бірақ олар медициналық мекемелерге бармай, үйден өздері емделген. Олар вирустық инфекция белгілері бар адамдармен араласпағанын және Жітіқарадан шықпағанын айтқан. 

Қазір Жітіқара ауданында карантин жариялау мәселесі талқыланып жатыр.

Табиғат Нұрболат
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу