Қостанайлық полицейлер "Ксанакс" таблеткаларының және есірткінің ірі партиясын тәркіледі, деп хабарлайды inbusiness.kz polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Портал мәліметінше, 21 жастағы Қостанай тұрғынының үйінен айрықша заттар салынған бес шыны құты және екі полимерлі Zip-пакет табылды.
"Зертханалық зерттеулер жүргізілгеннен кейін ер адам құтыларда кептірілген марихуананы сақтағаны белгілі болды. Пакеттерде психотроптық саңырауқұлақтар мен құрамында психотроптық заттар бар "Ксанакс" дәрілік препаратымен таблеткалар табылды", - деді Қостанай облысы ПД ЕҚҚІҚБ бастығының м.а. Амир Нигматзанов.
Ол бір келіге жуық марихуана, 65 гр кептірілген саңырауқұлақ, сондай-ақ 312 дана "Ксанакс" таблеткасы тәркіленгенін айтты.
Бұл дерек бойынша ҚР ҚК 297-бабымен сотқа дейінгі тергеу басталған.