Қостанайда күйеуінен зәбір көрген әйелдер паналайтын орталық ашылды

989

Қостанайда күйеуінен зәбір көрген әйелдер паналайтын орталық ашылды

Қостанай қаласында тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге көмек көрсететін алғашқы орталық ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Айта кету керек, Орталық қызметкері Нина Косюк аталған мекеменің нақты қайда орналасқанын жарияламады. Оның айтуынша, әйелдер құқық қорғау органдарының жолдамасымен қабылданады. Осыған дейін отбасында зәбір көргендерге тек жатын орын бойынша көмек беріліп келген. Енді қиын сәтке ұшыраған нәзік жандыларға кешенді жәрдем ұсынылатын болады.  Орталықта әйелдерге психологиялық, құқықтық және медициналық қызметтер көрсетілмек. Мекемеге түскен сәттен бастап әр әйелмен әлеуметтік қызметкер әңгімелеседі. Зорлық-зомбылықтың себептері анықталып, одан арғы іс-әрекеттер жоспары әзірленеді.

ІІД ақпаратына сүйенсек, жыл басынан бері полицияға тұрмыстық зорлықтан зардап шеккен 1400-ден астам әйел жүгінген. 

"Қазақстанда отбасылық жанжалдың кесірінен жылына 600-дей әйел мен қыздың өмірі қиылады. Біздің тарапымыздан тұрмыстық зомбылықтың алдын алу бойынша үнемі профилактикалық шаралар ұйымдастырылып тұрады. Мәселен, өткен екі айдың ішінде отбасылық жанжалдарға жол берген 747 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды", - дейді облыстық ІІД әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімінің аға инспекторы Гаухар Хайруллина.

Хайруллинаның айтуынша, отбасылық жағдайлардан зардап шеккен әйелдер көбіне учаскелік полиция инспекторларына жүгінеді. Осыған орай полицейлер Қостанайда әйелдер мен балаларға арналған Дағдарыс орталығы жұмыс істейтінін еске салады. Мамандар әйелдерді қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы тұрақты еңбекке орналастыруға көмектеседі. Мамандығы жоқтар оқыту курстарына жіберіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу