Қостанайда тұрғын үй құрылысына азаматтардан заңсыз ақша тартқан құрылыс компаниясының басшысына қатысты қылмыстық іс аяқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Компания директоры екі жарым жыл бойы қажетті рұқсатсыз азаматтармен пәтер сатып алу туралы шарттар жасасып, құрылысты аяқтау мүмкін еместігін біле тұра ақша жинауды жалғастырған.
2022 жылғы сәуірден 2024 жылғы қарашаға дейін азаматтардан 123 млн теңгеден астам қаражат тартылған. Компания басшысы бұл ақшаны өз қалауы бойынша жұмсаған. Соның салдарынан ондаған отбасы баспанасыз және салған қаражатынан айырылған.
Прокуратураның шара қабылдауы нәтижесінде сот процесі барысында барлық жәбірленушіге келтірілген шығын толық өтелді.
Сот құрылыс компаниясының директорын алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған пробациялық бақылау белгілеп, шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар бес жыл бойы құрылыс ұйымдарында басшылық қызмет атқаруға тыйым салынды.
Прокуратура азаматтарға тұрғын үй құрылысына қаражат салмас бұрын құрылыс салушының қажетті рұқсаттарын және ақша тартудың заңдылығын тексеруге кеңес береді.