Оқиға кезінде Қостанай қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының инспекторлары Ғалымбек Данияр мен Темірлан Қаратаев АП-528 бағытында қызмет атқарып жүрген.
Дощанов пен Майлин көшелерінің қиылысында олар ауладан жоғары жылдамдықпен шыққан Kia Sportage көлігін байқап, оның асығыс қозғалу себебін анықтау үшін арнайы жарық белгілерін қосып, соңынан ерген. Көлік тоқтатылғаннан кейін жүргізуші қызының тынысы тарылып, оны шұғыл түрде ауруханаға жеткізуге асығып бара жатқанын айтқан.
Жағдайдың күрделілігін ескерген полиция қызметкерлері уақыт оздырмай, көлікті патрульдік автокөлікпен Қостанай облыстық ауруханасына дейін алып жүруге шешім қабылдады.
Полицейлердің жедел әрі үйлесімді әрекетінің арқасында бүлдіршін медициналық мекемеге қауіпсіз әрі қысқа уақытта жеткізіліп, дәрігерлердің көмегін дер кезінде алды.
Полиция өкілдері қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін сақтаумен қатар, төтенше жағдайда тұрғындарға жедел көмек көрсету де олардың негізгі міндеттерінің бірі екенін атап өтті.