Қостанайда сабақ үстінде балағат сөз айтқан оқушының ата-анасы айыппұл төледі

116

Қазіргі таңда сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.

Қостанайда сабақ үстінде балағат сөз айтқан оқушының ата-анасы айыппұл төледі Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Қостанайда оқушының бұзақылығы үшін анасы жауапқа тартылды. Бұл туралы Облыстық соттың баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Лисаков қалалық соты мектепте тәртіп бұзған кәмелетке толмаған баланың ісі бойынша оның анасына қатысты әкімшілік істі қарады. Іс ҚР ӘҚБтК-нің 435-бабы бойынша қаралған.

Сот материалдарына сәйкес, 2025 жылғы 10 желтоқсанда Лисаков қаласындағы мектептердің бірінде 2011 жылы туған оқушы сабақ кезінде балағат сөздер айтып, айналасындағыларға құрметсіздік танытқан. Осылайша қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығы бұзылған. Баланың анасы ата-ана ретінде оның мұндай әрекет жасауына жол бергені үшін жауапқа тартылды.

Сот отырысында анасы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтты. Оның сөзінше, баласымен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ол мұғалімнен кешірім сұраған.

Заңға сәйкес, егер 14 пен 16 жас аралығындағы жасөспірім ұсақ бұзақылық жасаса, оның ата-анасы немесе заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Істі қарау нәтижесінде сот әйелді кінәлі деп танып, айыппұл салды. Айыппұл мөлшері азайтылып, 19 267 теңгені құрады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу