Қостанайлық тұрғын консультативтік-диагностикалық және дерматокосметологиялық қызметке 1200 000 теңге төлеген. Алайда нәтиже көңілінен шықпағандықтан, салон әкімшілігінен келісімді бұзуды және ақшаны толық қайтаруды талап еткен, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Алайда, салон тұтынушының талабына жауап бермеген. Осыдан кейін ол Тұтынушылар құқығын қорғау және сауда департаментіне жүгінгеннен кейін ғана тексеру жүргізілді. Департамент салонның талап арызға жауап бермегенін анықтап, кәсіпкерді әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Сондай-ақ келісімшарттағы тұтынушылар құқығын шектейтін талаптарды алып тастау жөнінде нұсқама берілді.
Сот процесі кезінде салон дерматокосметологиялық процедураларды лицензиясыз, яғни медициналық рұқсатсыз көрсеткені анықталды. Сот салонды тұтынушыға барлық төленген соманы – 1,2 млн теңгені қайтаруға міндеттеді.
"Бұл жағдай кәсіпкерлердің заңды бұлжытпай орындауы қажет екенін дәлелдейді. Әрбір тұрғын сапалы және қауіпсіз қызмет алуға құқылы. Департамент азаматтардың құқықтарын қорғауды әрі қарай да жалғастырады", – деп мәлімдеді Қостанай облысы бойынша сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаменті басшысының міндетін атқарушы Қ.Әкіжанов.