Қостанай қаласындағы емханалар тұрғындардан құжаттарды заңсыз сұратып келген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Жасырын сатып алушы" әдісімен жүргізілген зерттеу нәтижесінде, наркологиялық және психоневрологиялық ұйымдардан анықтамалар беру кезінде өрескел заңбұзушылықтар анықталды. Мәселен, ұйымдардан анықтамалар өткен жылдың желтоқсан айының ортасынан бастап мемлекеттік корпорация және "Электрондық үкімет" веб-порталы арқылы тегін берілуге тиіс.
"Алайда, осы ұйым анықтама беруді ақылы негізде жалғастырып келген. Олар барлығы 7,3 мың анықтама берген. Халықтан осы анықтамалар үшін 3,5 млн теңге алған. Аталған фактілер бойынша денсаулық сақтау басқармасына ақша қаражатын қайтару туралы ұсыныс жіберілді", – дейді сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыруды талдау және бағалау арнайы мониторингтік тобының басшысы Динара Өтебаева.
Бүгінде көлік құралын басқару үшін берілетін анықтамалардың тәртібі өзгерген. Бірақ, емханалар бұл өзгертулерге мән бермей отыр. Мысалы, Қостанай қаласындағы №1, №3 емханалар тұрғындардан жеке куәлікпен қоса 3х4 фотосуретін сұратқан. Дегенмен, бұл заңға қайшы. Тұрғындар бар болғаны жеке куәлігін көрсетуге тиіс.
"Мұндай жағдайлар "Көктем-3" және "Жемчужина" медициналық орталықтарында да тіркелді. Бұған қоса қызметкерлер тұрғындардың мекенжай анықтамасын талап еткен. Сондай-ақ, Қостанай қаласының №1, 2, 3, 4 емханаларында электрондық кезек жоқ, келушілерге қызмет көрсету "тірі" кезек тәртібімен жүзеге асырылады. Мұны ретке келтіруді ұсынамыз", – дейді Динара Өтебаева мониторингті топ жұмысын қорытындылап.