Бұған дейін жатақханада тұру ақысы шәкіртақының 15% аспауы керек болса, енді оның бағасын оқу орны өзі анықтайтын болды. Өткен оқу жылында қостанайлық студенттер 3 мың теңге шамасында ғана төлеген. Бұл туралы Елорда Инфо alau.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Өткен жылы студенттер жатақханасындағы орынның бағасы шәкіртақының 15 пайызынан аспауға тиіс деген ереже алынып тасталды.
"Мемлекеттік жоғары оқу орындары үшін білім және ғылым министрлігі бекіткен нормативтер бар. Грант қаржысын қайда жұмсалатыны анықталған. Оған әдебиеттер, жабдықтар сатып алу, жабдықтарға қызмет көрсету, коммуналдық төлемдер, оқытушылардың жалақысы кіреді. Ал жатақхана шығындары онда есептелмеген", – деді У.Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Еркін Әбіл.
Сонымен қатар оқу орны басшысы 3000 теңге жеткіліксіз екенін, сол себепті қосымша қаржы тартуға тура келгенін айтты. Ендігі күні студенттер ай сайынғы жатақхана төлемін толықтай өздері төлейтін болады. Жатақхана ақысы шамамен 5-8 мың теңгеге қымбаттауы мүмкін.
"Әр оқу орнында, әр жатақханада бұл төлемнің көлемі әр түрлі болуы мүмкін. Бұл жылыту жүйесі, жатақхананың ауданы, коммуналдық шығындарына байланысты болады", – деді Еркін Әбіл.