Қостанай қаласындағы "СарыарқаАвтоПром" ЖШС базасында машина жасау саласын кадрмен қамту мәселесіне арналған жиын өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгінгі басқосуға жергілікті ЖОО басшылары, колледж және мектеп директорлары, білім басқармасы мен кәсіподақ ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ студенттер мен оқушылар қатысты. Басты мақсат – жыл санап дамып келе жатқан жергілікті автоөндіріске қажетті мамандарды даярлаудың оңтайлы жолын қалыптастыру. Жиынға қатысушылар кәсіпорынның өндіріс цехтарын аралап, отандық машинаның қалай құрастырылатынын өз көздерімен көрді. Одан кейін алқа отырысында бас қосып, жергілікті білім ошақтарында болашақ машина құрастырушы мамандарды даярлау мәселесін, дуальды білімді дамыту жолдарын талқылады.
"Биыл біз JAC автокөлігінің жол талғамайтын S7, Т6 пикап үлгілерін шығаруды қолға аламыз. Ал 2019-2021 жылдар аралығында JAC, ANKAI, HOWO, HANTENG автокөліктері мен автобустар құрастырылады. Осыған орай, биыл зауытқа 250 маманды жұмысқа қабылдауды көздеп отырмыз", – дейді "СарыарқаАвтоөндіріс" ЖШС директорының орынбасары Сергей Могилатов.
Былтыр желтоқсан айында "Аллюр" компаниялар тобы" АҚ мен қытайлық "Genertec" компаниясы "СарыарқаАвтоөндіріс" серіктестігінде автоөнеркәсіп әлеуетін арттырып, автокөлік құрастыру саласындағы қазақстандық үлесті 50%-ке жеткізуді көздейтін инвестициялық келісімке отырған болатын. "Genertec" компаниясының басқарма төрағасы Лу Йимин облыс әкімімен кездесуінде қостанайлық автоөнеркәсіпті дәуірлеу кезеңі күтіп тұрғанын, болашақта өндіріске жаңа технологияның ең озық үлгілері енгізілетінін айтқан еді.
Форум барысында машина жасау зауыты мен облыстық білім басқармасы және кәсіподақ арасында үштарапты меморандумға қол қойылды.