Автоөндіріске қажетті мамандар дайындауды қостанайлық машина жасаушылар өз мойнына алып отыр. Осы мақсатта жергілікті автозауыт базасында "Техника және технология" кафедрасы ашылды, деп хабарлайды 24Хабар.
Мұнда салалық колледж және жоғары оқу орындарының 500-ден астам студенті білім алатын болады. Оларға кәсіпорынның тәжірибелі мамандары дәріс оқиды. Мұнда машина жасау бағытында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге және жаңа жобалар дайындауға арналған арнайы жабдықталған зертхана да бар.
"Базалық кафедра зауыттың ішінде орналасқан. Бұл студенттердің кәсіби терең білім алуы үшін оңтайлы. Олар өндіріс алаңдарында болып, қандай да бір механизмнің қалай жұмыс істейтіндігін қолмен ұстап, көзбен көріп, нақты тәжірибеде таныса алады. Бұл – Қазақстанда дуальды оқыту жүйесін жүзеге асырудағы үлкен қадам", – деп атап өттә кәсіби дамыту және оқыту орталығының маманы Аягөз Темірова.