Қостанайда көпқабатты үйден өрт шығып, 20 адам эвакуацияланды. Төрт адам зардап шекті, деп жазады inbusiness.kz alau.kz порталына сілтеме жасап.
Таңертең 101 пультіне Абай даңғылындағы 24-ші үйдің бесінші қабатында орналасқан пәтерден өрт шыққаны туралы хабарлама түскен. Бесінші қабаттан бастап жетінші қабатқа дейінгі пәтерлер қатты зардап шеккен.
"Кіретін есіктерді санамағанда, тұрғындардың пәтерлеріне зақым келмеді. Заттар мен кіреберістерге зақым келді. Жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Шығын көп болайын деп тұр",- деді "Партнер" ПИК төрағасы Құмар Салкенов.
ТЖД мәліметінше, өртті сөндіруге 5 бірлік техника мен жеке құрамнан 15 адам жұмылдырылды. Құтқарушылар оқиға орнына жеткен соң адамдарды эвакуациялау туралы шешім қабылдады.
"Өрттен кейін 4 адам ауруханаға жүгінді. Оның ішінде үшеуі балалар. Олар уланудың жеңіл дәрежесін алды. Бүгінде олардың бәрі де мамандардың бақылауында. Өмірлеріне қауіп төніп тұрған жоқ",- деді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Данияр Алимкин.
Ақпаратқа сәйкес, барлығы 20 адам эвакуацияланған.