Қостанайдағы өрт: Салынатын 91 үйдің жартысынан көбінің іргетасы қаланды

790

Әлихан Смайылов өрт салдарынан баспанасыз қалғандарға салынып жатқан үйлердің құрылысымен танысты.

Қостанайдағы өрт: Салынатын 91 үйдің жартысынан көбінің іргетасы қаланды

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов жұмыс сапарымен Қостанай облысына барды, деп хабарлайды inbusiness.kz Үкімет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әлихан Смайылов бірінші кезекте Әулиекөл ауылына барып, алапат орман өрті салдарынан баспанасыз қалған азаматтарға арнап салынып жатқан жаңа үйлердің құрылысымен танысты.

Қазіргі уақытта арнайы бөлінген 12 га аумақта 91 үй салынып жатыр, әрқайсысының ауданы – 100 шаршы метр. Сондай-ақ үйлердің маңайындағы жер учаскелеріне барлық қажетті инфрақұрылым – газ, су, электр энергиясы жүргізіледі. Үйлерге апарар жолдарға асфальт салынады.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетовтің айтуынша, ҚазҚСҒЗИ жобалау институты тұрғынжайларды су басудың алдын алу мақсатында геологиялық ізденістер негізінде іргетастарды жерасты суларынан 2,5 м қашықтықта орнату бойынша жоба әзірледі.

7 қыркүйекте 13 мердігерлік ұйым құрылыс жұмыстарына кірісті. Бүгінгі таңда барлық үйлерге арнап қазаншұңқырлар қазылды, 55 учаскеде іргетас құйылып, екеуінде іргетас блоктарын орнату аяқталды. Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша алаңда орнатылған бейнекамералардың арқасында құрылыс барысы онлайн режимде бақыланып отыр.

Премьер-министрдің айтуынша, барлық қажетті жұмыстарды жүргізу үшін Үкімет 2,2 млрд теңгеден астам қаражат бөлгенін атап өтті.

"Қазір әкімдік пен мердігерлердің алдында құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде – 2 айда сапалы аяқтау міндеті тұр. Бұл мәселе Мемлекет басшысы мен Үкіметтің ерекше бақылауында. Сондықтан тапсырмаға аса жауапкершілікпен қарау керек", – деді Әлихан Смайылов мердігер компаниялардың өкілдеріне.

Содан кейін Премьер-министр Әулиекөл ауылындағы мектеп базасында құрылған эвакуациялық пунктке барып, зардап шеккендермен кездесті.

"Тұрғындардың алапат табиғи өрттердің салдарынан қандай қиын жағдайға тап болғанын білеміз. Осындай қиын сәтте мемлекет барлық қажетті қолдауды жылдам көрсетті. Бұл жұмыс жалғасады", – деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы Президенттің тиісті тапсырмалар беріп, жағдайды жеке бақылауына алу үшін оқиға орнына арнайы келгенін атап өтті.

"Осындай қиын-қыстау кезеңде сабырлық танытқандарыңыз үшін алғыс айтамын. Сондай-ақ халқымыздың бірлігін көрсетіп, отандастарына қол ұшын созған барлық қазақстандықтарға да алғыс білдіргім келеді", – деді Әлихан Смайылов.

Өз кезегінде қауіпсіз жерлерге көшірілген тұрғындар мемлекеттің назар аударып, қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу