Қостанайдағы өрттен зардап шеккен отбасыларға 1 млн теңгеден төленеді

558

Құжаттары толық көлемде ұсынылған алғашқы 48 адам 1 млн теңгеден карт-шоттарға ие болды.

Қостанайдағы өрттен зардап шеккен отбасыларға 1 млн теңгеден төленеді

Бұл туралы өңір әкімі Архимед Мұхамбетов хабарлады, деп жазады inbusiness.kz.

Әкім Аманқарағай ауылында өрттен зардап шеккен тұрғындармен кездесіп, зардап шеккендерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау мен көмек шаралары туралы айтқан.

"Баршаңызға белгілі, баспанасынан айырылған тұрғындар үшін 91 үй салу туралы шешім қабылданды. Бүгінгі күні құрылыс-монтаждау жұмыстарымен 13 мердігерлік ұйым айналысады. Жаңа үйлер салу орны ретінде Әулиекөл ауылындағы жер учаскесі анықталды. Әулиекөл ауылының жоспарына сәйкес, тұрғын үй құрылысына жалпы ауданы 53 га жер учаскесі бар. Осы учаскеден 10 сотық учаскеде әрқайсысының ауданы 100 ш.м. тұрғын үйлер салу үшін 12 га бөлінді. Жер учаскелері қажетті инфрақұрылыммен: су, газ, электр энергиясымен, сондай-ақ кіреберіс жолдармен қамтамасыз етілетін болады", – деп жазды әкім әлеуметтік желідегі парақшасында.

Жер учаскелері бар жаңа үйлер өрт салдарынан зардап шеккен азаматтардың меншік құқығына берілмек.

Сондай-ақ әкім, малы қырылғандарға өтемақы берілетінін айтты. Ол үшін Әулиекөл ауданының әкімдігіне жүгіну керек. Өтем бюджет және "Қайырымдылық КZ" қоғамдық қоры қаражаты есебінен төленеді.

"Халықтан басқа 14 кәсіпкерлік субъектісі де зардап шекті. Барлық зардап шеккен нысандар бойынша кәсіпкерлерге келтірілген залалды өтеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Залалдарды өтеу шығынды бағалағаннан кейін және кәсіпкердің тиісті растайтын құжаттары болған жағдайда ғана жүргізілетінін атап өтемін", – дейді өңір басшысы.

Сондай-ақ "Қайырымдылық КZ" бірыңғай қоғамдық қоры қаражатынан барлық зардап шеккен отбасыларға 1 млн теңгеден төленетінін айта кетті. Құжаттары толық көлемде ұсынылған алғашқы 48 адам 1 млн теңгеден карт-шоттарға ие болған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу