Қостанайда жұқпалы қызылша ауруы тіркелді. Қазір қалалық ауруханада 3 айлық және бір жарым жас аралығындағы 6 бала жатыр, деп хабарлайды alau.kz.
Дәрігерлер аурудың сырттан жұққанын айтып отыр, яғни балалар Ақмола облысы мен Астанада қонақта болған. Бұл өңірлер қызылша ауруына қатысты қолайсыз деп есептеледі.
"Қазір алты бала ауруханада жатыр. Үшеуінің жасы бірге де толмаған. Ал үш бала жастан асқан. Бірақ бұл балаларға вакцинация жасалмаған, аналары оның себебін нақты көрсетпей отыр", – дейді қалалық балалар ауруханасының бас дәрігері Қарлығаш Аленова.
Дәрігерлер балалардың аналары дер кезінде, яғни бөртпе шықпай тұрғанда келгендерін айтты, сол себепті ауру асқынбаған. Алайда қызылша ауруының қызу көтеріліп, суық тию сияқты мұрыннан су ағып, жөтелмен басталғаны қауіпті, өйткені төртінші күні денеде бөртпелер пайда болады. Тап осы кезде науқастан ауру жұғу қаупі жоғары. Қазір дәрігерлер балалармен қарым-қатынаста болғандардың барлығын анықтауға тырысуда.
Жыл басынан бері қызылшамен тек балалар ғана емес, үш ересек адамның ауырғанын айта кету керек.
Еске салар болсақ, елімізде өткен жылдың қарашасынан бері 968 қызылша ауруы тіркелген. Олардың дені Алматы мен Астанадан. Осы арада, елордада қызылшаға қарсы екпе жасау жасын бір жастан тоғыз айға төмендету жоспарланып отыр. Ережеге сәйкес, елімізде қызылшаға қарсы екпе 1 және 6 жаста жасалады.