Қостанайлық фермер 1 795 бас асыл тұқымды сиырын сақтандырды

906

Ірі қараны сақтандыру науқаны басталды.

Қостанайлық фермер 1 795 бас асыл тұқымды сиырын сақтандырды

Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры қазан айында ірі қараны сақтандыру өнімдерін әзірлеген болатын. Оның шарты бойынша, фермерлер малын өз шаруашылығының аумағында және 5 шақырым радиустағы көрші шаруашылықтардың аумағындағы аурулар мен басқа да қауіп-қатерлерден сақтандыра алады. Ол қауіп-қатерлерге инфекциялық және аса қауіпті аурулар, өрт, бөгде адамның зиянды әрекеттері, қауіпті табиғи құбылыстар мен, жазатайым оқиғалар жатады. Жазатайым оқиғаның өзіне жарылыс, найзағай, тұншығып өлу, жыртқыш аңдардың шабуылы, жылан немесе жәндіктердің шағуы, түрлі себептерден келген жарақат кіреді.

Қазан айында дайын болған сақтандыру өнімінің қараша айында алғашқы тұтынушысы тіркеліпті. Қостанай облысының Қарабалық ауданындағы "Север-Агро Н" ЖШС тиісті келісімшартты "Жусан Гарант" сақтандыру компаниясымен бекіткен. Аталмыш шаруашылық абердин-ангус тұқымды сиыр өсірумен айналысады. Компания 2018 жылы Аграрлық несие корпорациясынан несие рәсімдеп, ірі қараны АҚШ-тан әкелген болатын. Мал несиеге алынғандықтан, мұндай сақтандыру полисі шаруашылықтың да, несие берушінің де сенімін нығайтады. 1 795 бас сиырды сақтандыру полисінің құны 14 млн теңгеге түскен екен. Оның 7 млн теңгесін мемлекет субсидия ретінде төлеген.

"Сақтандырылатын ірі қараның саны 30 бастан кем болмауы тиіс. Бір бас асыл тұқымды малға берілетін сақтандыру құнының ең жоғарғы шегі - 1 600 000 теңге, тұқымдық шығу тегіне сәйкес келетін мал үшін - 600 000 теңге, тауарлық ірі қара үшін - 300 000 теңге. Сақтандыру тарифі 1,54%-дан 4,62 %-ға дейін болады", - дейді "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ-ның басқарушы директоры Асқар Қалиев. 

Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының баспасөз қызметі мемлекет ұсынып отырған 50%-дық субсидия фермердің шығынын азайтып қана қоймай, салаға тартылатын инвестицияның да көлемі арттырады деп отыр. Ерікті сақтандыру процесін электронды жүйеде ресімдеуге толық мүмкіндік бар. Бұл іс фермердің электронды цифрлық қолтаңбасы негізінде Qoldau.kz платформасындағы Agroinsurance ақпараттық жүйесінде іске асырылады.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу