Костенко шахтасындағы апаттың себебін шетелден арнайы адамдар келіп анықтайды

305

Өрт себептерін тексеру шеңберінде Үкіметтік комиссия мүшелері шахтаға түсті. 

Костенко шахтасындағы апаттың себебін шетелден арнайы адамдар келіп анықтайды Фото: apatit.ru

Үкімет отырысында Қарағандыдағы Костенко шахтасындағы өртке қатысты жағдай қаралды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Жиын қаза тапқан кеншілерді бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. 

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановтың хабарлауынша 28 қазанға қараған түні Костенко шахтасында 700 метр тереңдікте өрт шығып, одан кейін метан-ауа қоспасы жарылған.

Оқиға орнына дереу Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы Қарағанды филиалының күштері жұмылдырылды.

"Апат кезінде ауысымда 252 кенші болған, оның 5-еуін құтқару қызметінің күштерімен табылып, жер бетіне шығарылды, 200-ден астам адам өз бетінше көтерілді. Іздестіру-құтқару жұмыстары кезінде 45 кеншінің денесі және алдын ала болжам бойынша 46-шы қаза тапқан адамның дене бөлшектері табылды", – деді Сырым Шәріпханов.

Іздеу жұмыстары электр қуатының болмауы, тау-кен қазбаларының ұзындығы және көптеген бұзылған механизмдердің болуы салдарынан күрделене түскен. 

"Жекелеген су басқан қазба орындарына қол жеткізу қиын болған. Қазіргі уақытта ашық жану ошақтары жоқ, газдық жағдай қалыпты. Шахта қызметін қалпына келтіру үшін тау-кен қазбаларын зерттеу және жекелеген учаскелерде су сору жұмыстары жүргізіліп жатыр", – деп атап өтті Төтенше жағдайлар министрі.

Министрдің айтуынша, апат себептерін тексеру шеңберінде Үкіметтік комиссия мүшелері шахтаға түскен. 

Нәтижесінде өте маңызды заң бұзушылықтар анықталды: тау-кен қазбаларында шахта жабдықтары жылжып кеткен, 15-тен астам оқшаулағыш бөгеттер мен желдету қондырғылары қираған. 

"Тергеуге Қазақстаннан, жақын және алыс шетелдердің сараптамалық ұйымдар тартылды", – деді министр. 

Естеріңізге сала кетейік, 28 қазанға қараған түні АМТ-ға қарасты Костенко шахтасындағы жарылыс салдарынан 46 кенші қаза тапты. Мемлекет басшысы "АрселорМиттал Теміртау" - ел тарихындағы ең нашар компания болды, деп мәлімдеді. Президент компаниямен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату жөнінде тапсырма беріп, тиісті шара қабылданатынын жеткізді. "АрселорМиттал Теміртау" АҚ халықаралық ArcelorMittal болат концернінің бөлігі болып табылады және Қазақстандағы 15 көмір кеніші мен темір рудасына иелік етеді. Болат зауытының нысандарында төтенше жағдайлар, соның ішінде адам өлімі бір емес, бірнеше рет орын алған. 

Атап айтқанда, 2023 жылдың 17 тамызында "Казахстанская" көмір кенішінде конвейер лентасы өртеніп кеткен ірі апат болды. Бұл кезде шахтада 227 адам болған, оның 222-сі эвакуацияланып, бесеуі қайтыс болған. "Казахстанская" кенішіндегі өрт әлі сөнген жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу