Көлік вице-министрі Талғат Ластаев ҚҚС көтерілген жағдайда әуе және пойыз билеттерінің бағасына қалай әсер етуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тілшілер спикерден "Қосымша құн салығы көтерілген жағдайда әуе және пойыз билеттері қанша пайызға қымбаттауы мүмкін?" деп сұрады.
"Пойыздан бастасақ, теміржол билеттері қымбаттамайды. Неге десеңіз, біз пойыздың билеттерін реттейміз. Жолаушылар билеттері субсидия арқылы қаржыландырылады. Сол себепті оның тарифтері бақылауға алынған. Әуе билеттеріне келсек, ол да сәл қымбаттамайды. Өйткені мұнда динамикалық баға деген тариф қолданылады. Мәселен, билетті ертерек алсаңыз, баға арзанға шығады. Рейс жақындаған кезде алған жағдайда қымбатқа түседі. Сондықтан да қосымша құн салығын өзгерту оған қатты әсер етпейді. Одан басқа авиация қаражатты көп игеретін сала. Мысалы, ұшақ алсаңыз, бір заманауи ұшақ Airbus A320 80 млн доллар тұрады. Олар қосымша құн салығын есепке алады. Бұл тарифтің бағасына көп әсер етпейді", - деді вице-министр Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.