Қоянжырық дертімен туатын балалар көбейді

590

Еліміздегі ең тәжірибелі бет-жақ хирургтерінің бірі сұхбат берді.

Қоянжырық дертімен туатын балалар көбейді Фото: Әзиз Жанұзақ

Бұл ауру түрі жаңа туған 800 баланың біреуінде кездеседі екен.

Бақыт Жаналина 40 жылдық еңбек өтілі бар дәрігер. Осы уақытқа дейін 5 мыңнан аса балаға ота жасаған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Ол 1984 жылы институт бітірген. Еңбек жолын Қарағандыдағы университтетте кафедра меңгерушісі болып бастады.Одан кейін Балалар стомотологиясы кафедрасында сабақ берді. Сол жақта жүріп, кандидаттық дессертация қорғады. 20 жылдай уақыт бұрын Ақтөбе қаласына қоныс аударды. Қазір Облыстық балалар ауруханасында еңбек етіп жүр. Өз саласы бойынша жоғары дәрежеге жеткен еліміздің батыс аймағындағы жалғыз маман. Тәжірибелі хирургтің айтуынша, қазір қоянжырық белгісімен туатындар өте көп. "Қасқыр ауыз" деп те аталатын бұл дерт жүктіліктің 20 аптасында анықталады екен. Сондықтан, ата-аналардың көбі психологиялық жағынан дайын болып үлгереді. Ал, бала дүниеге келген соң барып білетіндерге қиынға соғады. 

"Қоянжырықпен туатын балалардың 80 пайызының басқа да ағзаларында ақалар болады. Қазір ол көбейіп, 90 пайызға жақындады. Бұл – қауіпті әрі ерекше назар аударуды қажет ететін дерек. Оның себебін көпшілік экологиядан көреді. Бірақ негізі себебі – дұрыс тамақтанбаудан. Жас келіндер режим ұстамайды, дұрыс дем алмайды. Одан бөлек фастфудпен қоректеніп, газдалған сусындар ішеді. Бұлардың бәрі іштегі баланың денсаулығына кері әсер етеді", - деді Бақыт Секербекқызы.

Медицина ғылымының докторы бет-жақ хирургиясы саласындағы басқа да мәселелерге ерекше көңіл аудару керектігін айтып отыр. Бұған дейін мамандар алдымен Жалпы медицина факультетінде білім алып, одан кейін жақ-бет хирургы мамандығын алу үшін үш жыл білім алатын. Кейін бұл оқу жүйесіне өзгеріс енгізілді. М.Оспанов атындағы Батыс қазақстан медицина университетінің профессоры, жоғары санатты хирург:

"Бұл мамандықта топографияны, клиникалық анатомияны білу керек. Жалпы медицина факультетінде оқуы тиіс. Қазір біз толық білім бере алмай отырмыз. Дайындық өзгерді. Хирургия мамандығын алғысы келетіндер интернатураға баратын. Ол интернатураны білім беру жүйесінен алмау керек еді. Өйткені, бұл салаға өте білікті мамандар ауадай қажет. Жұмыс ауқымы да көбейді. Мен Ақтөбеге келгенде балалар бөлімінде 2 кереует қана болып еді, қазір 20-ға жетті. Бұл жердегі меңгерушінің өзі менің шәкіртім. Жақ-бет аймағында қауіпті жерлер өте көп. Ол ми мен жүректің ортасында орналасқан. Іріңді қабыну ауруы болса, ол қан тамырларымен, лимфа тамырларымен миға кетуі мүмкін. Бұрындары қоянжырыққа отаны екі айда, 40 күнде жасайтынбыз. Қазір жүрек, бүйрек, ішек ақауларымен туатындар көп. Мұндай балалар наркозды көтере алмайды. Демек, біздің салаға тәжірибелі, білікті дәрігерлер керек", - деген пікірде.

Бақыт Секербекқызын ұжымындағылар ерекше құрметтейді. Ол 8-інші наурызда да көбіне жұмыста болатынын айтады. Дегенмен, әйел ретінде бұл мерекені асыға күтеді. Тәжірибелі дәрігерге алғысын айту үшін хабарласатындар да көп. Сондай тұрғындарың бірі бүгін қоңырау шалыпты. 

"Еріні мен таңдайы зақымданған балаларға көбірек ән айтуға кеңес береміз. Әлгі хабарласқан баланың анасы біздің ақылымызға құлақ асыпты. Баласы үйірмелерге барып, байқауға қатысып, бірінші орын алған. Дауысы өте жақсы. Үш айлығында мен бірінші операцияны жасаппын. "Өте ризамыз, сіздің арқаңызда осындай болды" дейді. Мұндай сөздерді естігенде ерекше қуанамын. Осы салаға бекер келмегенімді түсінемін", - дейді тәжірибелі дәрігер.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу