Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Мемлекеттік қызметшілер кәсіби білікті, озық маман болуға тиіс. Өкінішке қарай, әзірге мұндай деңгейге жеттік деп айту қиын. Сондықтан мемлекеттік қызметшілерге арналған жаңа әдеп қағидаттарын әзірлеген жөн. Мемлекеттік қызметші, ең алдымен, Конституция талаптарын басшылыққа алып, Отанына және халқына адал қызмет етуге тиіс. Бұл жерде жекелеген өзгерістер туралы сөз болып отырған жоқ", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің сөзінше, бізге шынайы реформа қажет.
"Көзбояушылыққа жол беруге болмайды. Бұл – құқықтық және қаржылық шаралар қабылдауды талап ететін аса күрделі үдеріс. Президент Әкімшілігі 2027 жылдың 1 маусымына дейін мемлекеттік басқару жүйесін реформалауға қатысты кешенді жоспар ұсынуы керек. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік басқару жүйесін цифрлық технология мен жасанды интеллектіге негізделген жаңа экономикаға бейімдеп, жаңғырту қажет", – деп атап өтті Мемлекет басшысы.