Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің күмбезі қалпына келтіріліп жатыр

780

Мамандар күмбездің сыртқы қабатын нығайтып, тарихи құрылымды сақтауға басымдық беріп отыр.  

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің күмбезі қалпына келтіріліп жатыр Фото: Бейнероликтен

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің күмбезіне реставрация жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің күмбезіне ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жұмыстарды "Қазқайтажаңарту" республикалық мемлекеттік кәсіпорнының мамандары кешенді зерттеу нәтижелеріне сүйене отырып атқарып жатыр.

Зерттеу барысында күмбездің сыртқы қабатының беріктігі әлсіреп, жарықшақтанған тұстары көбейгені анықталған.

Реставрация жұмыстары сыртқы қабаттың одан әрі бүлінуіне және оның жекелеген бөліктерінің құлауына жол бермеуге бағытталған. Мамандардың айтуынша, бұл қабат кесененің түпнұсқа құрылымына кірмейді. Ал күмбездің тарихи конструкциясы бүгінге дейін бастапқы қалпында сақталған.

Сыртқы қабат күмбезді жауын-шашын, жел, күн сәулесі және басқа да сыртқы факторлардың әсерінен қорғайды.

Алдағы уақытта қабылданатын шешімдер ғылыми зерттеу нәтижелеріне және тарихи құрылымға барынша аз араласу қағидатына негізделеді.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – Қазақстаннан ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген алғашқы ескерткіш. Ғылыми-реставрациялық жұмыстар мәдени мұраны сақтау жөніндегі халықаралық талаптарға сәйкес және Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің бақылауымен жүргізіліп жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу