"Көзін күйдіріп, үстіне "өлтірем" деп жазған": Жетісулық фермер сиырын азаптағандарды сотқа берді

Оқиға Ақсу ауданы, Қызылағаш ауылында болған. 

"Көзін күйдіріп, үстіне "өлтірем" деп жазған": Жетісулық фермер сиырын азаптағандарды сотқа берді Фото: t.me/halyqstan/14297

Қазіргі уақытта жануарды қорлап, денесіне иесін қорқыту сөзін жазғандарға қатысты полиция тексеруді бастап кетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Төрт түлігі азапталған тұрғынның видеосы HALYQSTAN телеграм арнасына жарияланды. Сиырдың иесі болған жағдайдан кейін қатты күйзелгенін айтады. 

Осылайша, әлеуметтік желі пайдаланушыларын Жетісу облысындағы жануарға қатыгездік көрсету фактісі қатты алаңдатқан. Белгісіз біреулер сиырдың көзіне еден бояуын құйып, күйдіріп жіберген. Онымен қоймай, жануардың ішіне "Өлтіремін" деген жазу жазып жіберген. 

– Егер менің сиырым біреудің ауласына кіріп, шөбін жеп қойса, ауылдастарымнан кешірім сұраймын. Бірақ, бұл жануарды азаптауға себеп бола ма? – деді сиырдың иесі. 

Ол Ақсу аудандық полициясына ресми түрде арыз жазып, жануарға зәбір көрсеткендерді жауапқа тартуды талап еткен.

– Полиция қызметкерлері осы оқиғаға қатысы бар адамдарды анықтау үшін іздестіру және тексеру шараларын жүргізіп жатыр. Тексеру қорытындысы мен оқиғаның барлық мән-жайы анықталғаннан кейін қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес процессуалдық шешім қабылданады, – деп мәлімдеді Жетісу облыстық полиция департаменті. 

Полиция өз бетінше әрекет ету, бөтеннің мүлкіне қасақана зиян келтіру және жануарларға қатыгездік көрсету Қазақстан заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкелетінін ескертті. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу