"Көзіне дейін күйік шалған": Денесі 90 пайыз күйген "Қазцинк" қызметкерінің жағдайы белгілі болды

Бұған дейін кәсіпорнындағы жарылыстан 2 адамның қаза тапқанын жаздық.

"Көзіне дейін күйік шалған": Денесі 90 пайыз күйген "Қазцинк" қызметкерінің жағдайы белгілі болды Фото: Бейнежазбадан

Мұнан бөлек, жараланған қызметкерлердің де қазіргі жағдайы айтылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы мамандандырылған медициналық орталығының бас дәрігерінің міндетін атқарушы Мұрат Нұрбикенов айтты.

Оның сөзінше, жұмысшылардың бірінің денесі 90 пайыз күйген.

Ал ауруханаға алғашқы қоңырау "103" қызметкерлерінен түсіпті.

– Таңғы сағат 08:30-да жедел жәрдемнен ауруханаға қоңырау түсті. Олар "жаппай жараланғандарды әкеле жатырмыз" деді. 08:40-та аурухананың қабылдау бөлімінде шұғыл бригада құрылды. Оның қатарында реаниматолог, травматолог, комбустиолог бар. Алғашқы жараланғандар 08:45-те түсе бастады. Бірінші 5 адам түсті. Оның төртеуі – ер адам, біреуі – әйел. Оларды толық тексеруден өткізіп, қан сараптамаларын алдық. Үшеуінің жарақаты жеңіл болған соң, оларды үйіне қайтардық, қалған екеуін жатқыздық. 1980 жылы туған бір ер адамның жағдайы – аса ауыр, оның денесінің 90 пайызын күйік шалған. Терісі, ішкі органдары мен өңеші, тіпті көзіне дейін күйіп кеткен. Шок жағдайында түсті. Оған шұғыл көмек көрсеттік. 1974 жылы туған тағы бір ер адамның омыртқасы сынған. Оны травматолгия бөліміне жатқыздық, – деді ол.

Мұрат Нұрбикенов орталыққа басқа жараланғандар түспегенін хабарлады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу