Қызылордалық команданың легионері Дмитрий Бородин футболдан сұрмергендер тізімінде 3-орынға көтеріліп отыр.
Бір қызығы, "қасқырлар" сапындағы ойыншы чемпионат барысындағы 8 голының бәрін 11 метрлік айып соққысынан салған.
"Қайсар" ел біріншілігінің 23-турында "Каспийді" өз алаңында қабылдап, 3:1 есебімен жеңіске жетті. Сол арқылы қызылордалық клуб турнирлік кестедегі жағдайын жақсартып, 6-орынға көтерілді. Ойында "қасқырлар" сапынан алғашқы голды Бородин пенальтиден соқты.
ҚПЛ-де сұрмергендер көшін 16 гол соққан "Қайрат" футбол клубының ойыншысы Жоао Паулу бастап келеді. Екінші орынға Қызылорда футболының түлегі, "Ордабасының" жартылай қорғаушысы Асхат Тағыберген (11 гол) жайғасқан. Үшінші орынды 8 голмен Дмитрий Бородин місе тұтқан.
"Командаға Дима секілді ойыншылар да керек, себебі стандарттық жағдайларды сәтті орындау да – ерекше өнер. Голдың барлығы пенальтиден болғанымен, ең бастысы – нәтиже. Ертеңгі күні футбол тарихында ойынның есебі қалады. Мысалы, 2012 жылы Лео Месси 91 гол салып, ең көп голеадор атанды, оның өзі де біраз голын пенальти бойынша тіркелген болатын. Сондықтан, голдың қалай салынғаны емес, "командаға қандай пайда әкелді?" деген сұраққа үңілуіміз керек. Ал Бородинға келер болсақ, "Қайсарға" дейін "Ордабасы" сапында жүріп те он бір метрлік айып соққысын сенімді орындаған еді, ол шеберлігі әлі де жанкүйерлер есінде. Тағы бір айта кететін жайт, Бородин матчта маңызды гол салғанды ұнатады. Әлемде қаншама жұлдыз ойыншылар пенальтиден мүлт кетіп жататын сәттер жиі кездеседі. Футболшы көшбасшы атанбаса да, бапкердің тактикасын орындап, нақты нәтижеге жұмыс істесе, мен үшін үздік көрсеткіш", - дейді футбол жанкүйері Райымбек Серік.
Жалпы, Дмитрий Бородин – беларусь футболшысы. 24 жастағы жартылай қорғаушы биыл қызылордалық команда сапына қосылған еді. Өткен жылы шымкенттік "Ордабасы" сапында ойнап, Қазақстан кубогын еншілегені футболсүйер қауымға белгілі. Сонымен қатар, ол клубтық мансабында беларустік және ресейлік бірқатар клубта ойнаған.