ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Facebook бірлескен мәлімдеме жасады

634

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Facebook интернеттегі балалардың құқықтарын қорғауға баса назар аудара отырып, зиянды контентке қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша тығыз ынтымақтастық туралы келісімге келді, деп хабарлайды ведомоствоның баспасөз қызметі.  

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Facebook бірлескен мәлімдеме жасады

Қазақстан Республикасының Үкіметіне ақпараттық кеңістіктің қауіпсіздігін арттыру мәселесін шешуге көмек көрсету мақсатында Facebook Қазақстанға ішкі "Контентті хабарлау жүйесіне" ("Content Reporting System" (CRS)) тікелей эксклюзивті қолжетімділік берді.

CRS министрлікке Facebook жаһандық контенттік саясатының да, Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасының да бұзушылықтары бар контент туралы жедел хабарлауға мүмкіндік береді.

Қазақстан Орталық Азияда контенттік саясатқа жауап беретін Facebook компаниясының халықаралық командасымен тікелей байланыс арнасына және жүйеге қосылған алғашқы ел болып табылады.

Facebook компаниясының жұртшылықпен байланыс жөніндегі өңірлік директоры Джордж Чен мырзаның мәлімдеуінше, Facebook Қазақстан Үкіметімен, әсіресе балалардың интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында бірлескен жұмысқа ұмтылады.

"Біздің ұзақ мерзімді ынтымақтастығымыздың алғашқы қадамы ретінде біз Қазақстан Үкіметіне уәкілетті органдарға зиянды контентпен неғұрлым тиімді және пәрменді күресуге көмектесетін "Контентті хабарлау жүйесіне" қол жеткізуге қуаныштымыз. Facebook командасы киберкеңістіктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қазақстандық мамандарды оқытуды жалғастырады", – дейді ол.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, өз тарапынан, Facebook-пен екіжақты ынтымақтастықты жоғары бағалайды.

Биылғы жылдың 28 қазанында Facebook командасы министрліктің мамандарына "Контентті хабарлау жүйесін", сондай-ақ Facebook контенттік саясаты және қоғамдастық стандарттарымен жұмыс бойынша тренинг өткізді. Қараша айының басынан бастап министрлік жүйеде жұмыс істей бастайды.

Екі тарап өзара іс-қимылдың тұрақты тетігін белгілеуге, оның ішінде министрлікпен түрлі аспектілер бойынша тығыз жұмыс істейтін Facebook өңірлік офисінен уәкілетті өкілді анықтау туралы келісімге келді.

Министрлік "Контентті хабарлау жүйесін" пайдалану Facebook және Instagram платформаларында құқыққа қарсы контенттің таралуына қарсы іс-қимыл бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың жеделдігін және жалпы тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретініне сенім білдіреді.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, министрлік Қазақстан нарығында жұмыс істейтін интернет-компаниялармен сындарлы диалог құруға және ынтымақтастық орнатуға дайын екендігін және қауіпсіз ақпараттық кеңістікті құру бағытында жүргізіліп жатқан бағытты ұстанатынын атап өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу