"Қымбатты әріптестер! Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Мұғалімдер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Мұғалім мамандығы бүкіл әлемдегі ең құрметті, ең асыл мамандықтың бірі. Сіздер балаларды білім нәрімен сусындатып, оларға тәлім-тәрбие беру барысында, яғни еліміздің дамуына баға жетпес үлес қосып келе жатырсыздар. Өйткені мұғалім балаларды білім әлеміне жетелейді әрі кейінгі буын өкілдерін тәрбиелейді", – деді министр.
Оның айтуынша, пандемия мұғалім жұмысының маңыздылығын айқындап берген.
"Ата-аналар балаларды оқыту қаншалықты қиын екенін түсініп, сезініп, мұғалімнің оқушы өмірінде маңызды орын алатынына тағы да бір мәрте көз жеткізді деп айта аламын. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауының арқасында мұғалімдердің жалақысы артып, жаңа қосымша ақылар мен санаттар пайда болды. Біз мұғалімдерді өзіне тән емес функциялардан және қағазбастылықтан арылту үшін жүйелі әрі нақты шаралар қабылдадық. Педагог мәртебесін көтеру бойынша әрі қарай да жұмысты жалғастырамыз", – деген ведомство басшысы биыл тәуелсіздіктің 30 жылдығы екенін еске салды.
"Осы уақыт аралығында елімізде айтарлықтай үлкен-үлкен өзгерістер болды. Білім беру жүйесі де өзгерді. Білімімізді шыңдап, жаңа дағдыларды игердік. Бұл жетістіктерге қол жеткізуде біздің әріптестеріміз – мұғалімдердің еңбегі мен кәсібилігінің үлесі өте зор. Қымбатты әріптестер, сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтап, зор денсаулық, сарқылмас күш-қуат, шабыт, шығармашылық табыс тілеймін. Қымбатты әріптестер! Қажырлы еңбектеріңіз, шыдамдылықтарыңыз және балаларға деген сүйіспеншіліктеріңіз үшін алғыс айтамын. Мереке құтты болсын", – деді Асхат Аймағамбетов.