ҚР қаржы министрлігі: "Салық амнистиясы" 90 мың ШОБ субъектісін қамтиды

1136

Қазір 90 мыңға жуық ШОБ субъектісінің биылғы жылдың 1 қазанынан дейін өтелмеген қарызы 294 млрд теңгеге жеткен.  

ҚР қаржы министрлігі: "Салық амнистиясы" 90 мың ШОБ субъектісін қамтиды

Қаржы министрі Әлихан Смайылов шағын және орта бизнес үшін "салық аминистиясын" жүргізу туралы айтып берді, деп хабарлайды primeminister.kz.

Мемлекет басшысы халықтың әл-ауқаттын арттырудың негізгі резерві шағын және орта бизнесті дамыту болып табылатынын бірнеше рет атап өтті. "Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру" Жолдауында Президент 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ШОб үшін салық амнистиясын жүргізуді бастауды тапсырды, яғни, салықтың негізгі сомасын төлеген жағдайда өсімпұлдар мен айыппұлдар алынып тасталады.

Бұл үшін қаржы министрлігі келесі жылдың басынан бастап шағын және орта бизнес үшін "салық аминистиясын" жүргізетін болады.

Министр "салық амнистиясының" тек шағын және орта бизнес өкілдеріне ғана қатысты болатынын айтты. Акцизделетін топтар өндірушілері, мұнай саласындағы компаниялар, жалған кәсіпорындар бұған жатпайды.

Министрліктің деректеріне сүйенсек, қазір 90 мыңға жуық ШОБ субъектісінің биылғы жылдың 1 қазанынан дейін өтелмеген қарызы 294 млрд теңгеге жеткен.   

"Оларға 1 қазанға дейін болған салық бойынша негізгі міндеттемелерін төлеуге мүмкіндік беріледі. Егер олар келесі жылдың ішінде бюджет алдындағы борыштарын өтесе, онда мемлекет өсімпұлдар мен айыппұлдарды алып тастау міндетін өзіне алады. Яғни, амнистия тек өсімпұлдар мен айыппұлдарға қатысты. Осылайша, бір жағынан, бюджет толтырылады, екінші жағынан, біз бизнестің салықтарын төлеп, өз қызметін әрі қарай жалғастыра алуы үшін айыппұлдар мен өсімпұлдар түріндегі бюджет алдындағы міндетемелерін азайтамыз", — деді сала басшысы.

Алдын-ала есептеулер бойынша, 178 млрд теңге көлеміндегі негізгі қарызды 31.12.2019 дейін өтеген жағдайда 111 млрд теңгеге жуық өсімпұл мен 5,8 млрд теңге айыппұл шегерілетін болады.

Бүгін үкіметтің баспасөз орталығының алаңында Президенттің "Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру" Жолдауын іске асыруды қаржылық қамтамасыз ету туралы өткен баспасөз конференциясы өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу