ҚР мемлекеттік тізілімінен шығарылған жолаушы ұшақтары Теһранда жүр

553

ҚР мемлекеттік тізілімінен шығарылған жолаушы ұшақтары Теһранда жүр

Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбектің ақпараты бойынша, заңды бұза отырып мемлекеттік тізілімнен шығарылған Airbus А340 ұшақтары Теһранда жүр.

"Ол екі ұшақ (Airbus А340 – ИФ-К) мемлекеттік  тізілімнен шығарылған.  Бұл ақпарат иран билігіне жолданды.  Біздегі дерек бойынша, ол екі ұшақ Теһранда жүр.  Олардың үшінші бір елде жүргені туралы ақпарат жоқ", – деді Жеңіс Қасымбек Астанада тілшілерге. Бұл туралы  "Интерфакс-Қазақстан" жазып отыр.

Министр бұл жерде жолаушы ұшақтары туралы сөз қозғалып отырғанын қадап айтты.

"Біз қызметтік тексеру жүргіздік, материалдар көлік прокуратурасына жолданды.  Анықтайтын сұрақтар бар.  Бұл мәселемен көлік прокуратурасы және, менің  білуімше, жемқорлыққа қарсы бюро айналысып жатыр", – деді ол.

Оның айтуынша, құқыққорғау органдарына тапсырылған материалдарда бірқатар заң бұзушылық бар.
Бұған дейін айтылғандай, еліміздің бас көлік прокуратурасы  еуропалық санкцияларды айналып Сирияға сатылған болуы мүмкін делінген Airbus А340 азаматтық ұшақтарын тіркеу және есептен шығару кезінде өрескел заң бұзушылықтар болғанын анықтады. 

Биылғы жылдың  25 ақпанында аталған факті бойынша материалдар тексеру жүргізу үшін жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросына тапсырылған.

Бұдан біраз бұрын әлеуметтік желілерде Сирияға көмектеспек болған Иран  еуропалық санкцияларды айналып  үш азаматтық ұшақ сатып алған деген ақпарат  тарады. Ол ұшақтар  2009 жылы банкроттыққа ұшыраған Olympic Аirlines әуекомпаниясына тиесілі болған  және Қазақстанның тіркеу нөміріне ие болған делінді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу