ҚР премьер-министрі "Конденсат" АҚ зауытын аралады

598

ҚР премьер-министрі "Конденсат" АҚ зауытын аралады

ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев "Конденсат" АҚ зауытында мұнай мен газды өңдеудің технологиялық тізбегі жұмысының жалғасымен танысты, деп хабарлайды primeminister.kz.

"Конденсат" АҚ директорлар кеңесінің төрағасы В. Жүнісов зауытты жаңғырту жұмыстары туралы, сондай-ақ өндірісті автоматтандыру және цифрландыру бойынша қабылданған шаралар туралы айтып берді. 2017 жылы зауыт жылына 850 мың тоннаға дейін кәсіпорынның қуаттылығын арттыра отырып жаңғыртылды. Бұдан өзге, 2018 жылдың маусым айында дизель отынын K5 экологиялық санатына дейін гидротазартатын қондырғы іске қосылды. Жалпы, зауытты реконструкциялауға барлығы $200 млн астам инвестициялар тартылды.

Аталған жаңғырту жұмыстары еліміздің ішкі нарығындағы мотор отындарының тапшылығын жабуға мүмкіндік берді, сондай-ақ бюджетке акциздер мен басқа да салық төлемдерінің түсімін ұлғайтты. Сонымен қатар, зауыт жоғары білікті жұмыс орындарын аша отырып, облыстың 1000-нан астам тұрғынына (кәсіпорын қызметкерлері мен олардың отбасыларына) лайықты табыс әкеледі. Жаңа бензин қондырғылары іске қосылған сәттен бастап K5 жоғары экологиялық санатының 80 мың тоннадан астам бензині шығарылды. Осы кезеңде облыстық бюджетке шамамен 1 млрд теңге акциз төленді.

Зауытта өндірілетін жоғары октанды бензин мен дизель отыны Батыс Қазақстан облысында ғана емес, жақын маңдағы облыстарда да сатылады. Бұдан өзге, шығарылған өнімнің жартысы шетелге экспортталады. Мәселен, вакуумдық газойль Беларуське экспортталады, ал гудронды сату Ресейге бағытталған.

Батыс Қазақстан облысы еліміз үшін маңызды өнеркәсіптік мәнге ие. Өңірде мұнай-газ өндіру, мұнай өнімдерін өңдеу, машина жасау, металлургия, қорғаныс, тау-кен өнеркәсібі, тігін және азық-түлік өнеркәсібі кәсіпорындары бар. 2018 жылдың қаңтар–маусым айларында өнеркәсіптік өндіріс көлемі 1184,6 млрд теңгені құрады. Нақты көлем индексі 2017 жылғы сәйкес кезеңнің 98,6%-ын құрады. ИИДМБ және Индустрияландыру картасы аясында 2018 жылы 7 млрд теңгеге 262 жұмыс орнын құрумен 7 жоба іске асырылуда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу