ҚР премьер-министрі "Қорғас" құрғақ портына барды

915

Бүгін Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Алматы облысын аралап жүр. 

 ҚР премьер-министрі "Қорғас" құрғақ портына барды

ҚР премьер-министрі транзиттік әлеуеттің дамуымен танысу мақсатында Қазақстан–Қытай шекарасындағы "Нұр Жолы" (ҚР) – Қорғас (ҚХР) өткізу пункті мен "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының бірқатар нысандарына барды, деп хабарлайды primeminister.kz.

Бақытжан Сағынтаев өткізу пунктінің жұмыс орындарын қарап, негізгі техникалық әлеуетімен танысты. Бұл ауқымды заманауи көлік-логистикалық орталықтың құрылысы 2017 жылы басталған, ал осы жылдың 27 қыркүйегінде ашылу салтанаты өтті. Жобаның құрылысы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидаты бойынша іске асырылды.

"Нұр Жолы" өткізу пункті техникалық жабдықталу, көлік құралдарының өту жылдамдығы және бақылау жүйесін енгізу бойынша теңдессіз болып саналады. Тоқтаусыз жұмыс істейтін, автоматтандырылған бақылау және тіркеу жүйесі бар заманауи құрал-жабдықтардың арқасында жүк көліктерін кедендік және шекаралық рәсімдеу уақыты 40 минутқа дейін қысқартылады.

ҚР қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Г. Амриннің айтуынша, кешеннің жалпы құрылымы көлік қозғалысының екі бағытында жұмыс күндері 2500 көлік құралын өткізуге қауқарлы. Оның ішінде 2200 жүк көлігі, 300 жолаушы көлігі бар. Бұл транзиттік ағындардың едәуір ұлғаюына мүмкіндік берді. Болашақта жаңа пункт тәулігіне 5000 көлікке дейін өткізе алатын болады.

Сондай-ақ, Бақытжан Сағынтаев шекара маңы ынтымақтастығының халықаралық орталығының жұмысымен де танысты. Жоба Қазақстан мен Қытай мемлекет басшыларының бастамасымен жүзеге асырылуда.

"Қорғас" ШЫХО жалпы аумағы 560 гектар болатын екі мемлекеттің шекаралас аумақтарында орналасқан және мемлекеттік шекара арқылы өтетін "Арнайы өткел" арқылы қосылған қазақстандық және қытай бөліктерінен тұрады.

Қазіргі таңда "Қорғас" ШЫХО" АҚ ауданы 236 га болатын резервтегі аумақтарды қосуды қарастыратын құрылыстың бас жоспарына түзетулер енгізу жұмыстарын аяқтады. Жаңа бас жоспарға сәйкес, көпфункциялы сауда үйлерін және халықаралық іскерлік ынтымақтастыққа арналған орталықтарды, сондай-ақ, мәдени алмасу орындарын, білім және ғылыми оқыту орталықтарын, спорттық-сауықтыру инфрақұрылымы бар демалыс орындарын салу жоспарда бар.

"Қорғас" ШЫХО мәліметіне сәйкес, Орталық аумағында жалпы құны шамамен 356 млрд теңге болатын 27 инвестициялық нысан бар. Пайдалануға берілген сауда үйлерінің жалпы ауданы 24 663 м2 құрайды. 2018 жылдың соңына қарай ауданы шамамен 40 000 м2 болатын 2 инвестициялық нысанның құрылысын аяқтау көзделген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу