Қазақстандық делегацияны ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Талғат Қалиев, ресейлік делегацияны РФ СІМ Азия-Тынық мұхиты ынтымақтастығы департаментінің директоры Алексей Овчинников басқарды.
Консультациялардың күн тәртібіне Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі (АӨСШК) шеңберіндегі екі елдің ынтымақтастығы мәселелері кірді. Атап айтқанда, АӨСШК-ті одан әрі дамыту және оны халықаралық ұйымға трансформациялау, 6-шы АӨСШК Саммитін мазмұнды толықтыру және қорытынды құжат қабылдау жөнінде пікір алмасылды.
Тараптар сондай-ақ Іскерлік және Жастар кеңестері, Талдау орталықтарының форумы шеңберінде АӨСШК сенім шаралары каталогын имплементациялау және практикалық өзара іс-қимылды нығайту мәселелерін талқылады.
Сонымен қатар, консультациялар барысында "Азия - Еуропа" форумы, Азиядағы ынтымақтастық диалогы аясындағы екі елдің өзара іс-қимылы және т.б. мәселелер қозғалды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар 2022 жылғы қазанда Нұр-Сұлтан қаласында өтетін 6-шы АӨСШК Саммиті қарсаңында өңірдегі бейбітшілікті, сенім мен тұрақтылықты нығайту мақсатында Азиядағы көпжақты құрылымдар шеңберінде ынтымақтастықты одан әрі кеңейту ниетін растады.