Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы – Ресми өкілі Айбек Смадияров аталған қызметтен кеткенін хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Смадияров бұл лауазымда сегіз жылға жуық еңбек еткен.
Оның айтуынша, шешім алдын ала қабылданған және жеке шешімі болып табылады.
– Мен бұл күнге көптен дайындалдым. Бұл – кенеттен қабылданған қадам емес. Сегіз жыл бойы осы мінберден еліміздің сыртқы саяси бағыттарын түсіндіріп келдім. Осы кезеңде Қазақстан сыртқы саясатта талай сындарлы кезеңнен өтті. Сіздердің қолдауларыңыздың арқасында еліміздің ұстанымын әлемге жеткізе алдық, – деді ол журналистерге алғыс білдіріп.
Айбек Смадияров II сыныпты Төтенше және Өкілетті Уәкіл дипломатиялық дәрежесі бар, қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерін меңгерген маман. 1983 жылы 7 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысында туған. 2004 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін тәмамдаған.
Еңбек жолын 2005 жылы "Қазақстандағы Қытай банкі" АҚ-да бастаған. 2006–2008 жылдары ҚР СІМ Консулдық қызмет департаментінде қызмет етті. Кейін Еуропа департаментінде атташе және үшінші хатшы болды. 2010–2012 жылдары Мажарстандағы ҚР Елшілігінде үшінші хатшы қызметін атқарды.
2012–2014 жылдары Президенттің Баспасөз қызметінде және СІМ-нің сыртқы саяси сараптау құрылымында жұмыс істеді. 2014–2018 жылдары Вьетнамдағы ҚР Елшілігінде екінші және бірінші хатшы лауазымдарын атқарды.
2018 жылдан бастап министрліктің баспасөз қызметіне жетекшілік етіп, 2019–2023 жылдары Халықаралық ақпарат комитеті төрағасының орынбасары – баспасөз хатшысы болды. 2023 жылы Коммуникациялар департаментінің директоры – Ресми өкілі қызметіне тағайындалды.
2025 жылдың 4 наурызынан бері ҚР СІМ Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы – Ресми өкіл болып қызмет атқарып келген.