Сауд Арабиясындағы азаматтық инфрақұрылымға жасалған шабуылдарға байланысты ҚР Сыртқы істер министрлігі елдегі отандастарды сақтық шараларын күшейтуге шақырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Министрлік Қазақстан азаматтарына жергілікті билік өкілдерінің нұсқауларын орындауды, әуежайларға аса қажет болмаса бармауды және рейстердің мәртебесін алдын ала әуе компанияларынан нақтылауды ұсынды.
– Төтенше жағдайға тап болсаңыз Қазақстан Республикасының Эр-Риядтағы Елшілігіне немесе ҚР-дың Жиддадағы Бас консулдығына хабарласу қажет, – делінген министрлік хабарламасында.
Шұғыл байланыс телефондары:
- Эр-Рияд қаласындағы консул: +966 55 663 01 77;
- Жидда қаласындағы консул: +966 53 275 80 80.
Айта кетейік, Сауд Арабиясының азаматтық инфрақұрылымына жасалған әуе соққылары кезінде кіші қажылыққа барғандар қаза тапты. Бұл оқиға күллі мұсылман әлемін дүр сілкіндіріп отыр. Араб әлемі хуситтерге қарсы күш біріктіруге біртабан жақын. Ал йемендік көтерілісшілер кейінгі 2 күнде Саудияның 5 әуежайы мен бір мұнай өндіру кешеніне баллистикалық зымыран атып, дрон ұшырды.
Қазақстан Сауд Арабиясындағы азаматтық инфрақұрылым нысандарына жасаған, адам өліміне әкелген шабуылдарды қатаң айыптайды.