ҚР СІМ: Солтүстік Македония – еліміздің маңызды серіктестерінің бірі

519

ЕҚЫҰ қазіргі төрағасы, Солтүстік Македонияның сыртқы істер министрі Буяр Османи Астанаға ресми сапармен келді.

ҚР СІМ: Солтүстік Македония – еліміздің маңызды серіктестерінің бірі Фото: inbusiness.kz

Солтүстік Македония – еліміздің Шығыс Еуропа мен Балкан түбегіндегі маңызды серіктестерінің бірі. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу айтты, деп жазады inbusiness.kz.

"Біз Солтүстік Македонияның Қазақстанмен және Орталық Азия елдерімен өзара тиімді қарым-қатынастар орнатуға деген ниетін толық қолдаймыз. Бұл бағытта Скопьемен белсенді жұмыс істеуге дайынбыз. Қазір министр Османимен елдеріміздің арасындағы достық пен өзара қолдау рухына сай нәтижелі келіссөздер өткіздік деуге негіз бар", - деді ол.

Ведомство басшысы соңғы жылдары Астана мен Скопьенің саяси диалогы екпінді екенін әрі болашаққа бағытталғанын атап өтті. 

"Саяси байланыстарды жаңа белестерге шығару мақсатында биік және жоғары деңгейлерде сапарлармен алмасу өте маңызды. Бұған Қазақстан мен Солтүстік Македония сыртқы саяси ведомстволары айтарлықтай мол үлес қосып келеді", - деді Мұрат Нұртілеу.

Оның сөзінше, екі ел арасындағы сауда айналымының оң динамикасы байқалады. 

"2022 жылдың нәтижелері бойынша бұл көрсеткіш 5,5 есеге өсті. Салыстырмалы түрде көлемі аз болғанмен, оның болашағы зор. Қазірдің өзінде Қазақстан экспорттық тауарлардың санын өсіріп, саудамызды 350 млн долларға көбейте алады", - деді ҚР Сыртқы істер министрі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу