ҚР Сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасады

1149

Inbusiness.kz мәлімдеменің толық мәтінін ұсынады:

ҚР Сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасады

"2022 жылғы 5 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлықтарымен елдің бүкіл аумағында төтенше жағдай режимі енгізілді.

Маңғыстау облысында басталған митингтерде тұрғындар сұйытылған газ бағасын төмендету талабымен шықты. Осыған жауап ретінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет оларды төмендету бойынша шұғыл шаралар қолданып, әлеуметтік маңызы жоғары азық-түлік тауарлары, жанармайдың және коммуналды қызметтердің бағаларының өсуіне мораторий жариялады.

Наразылық шараларының бірінші күндерінде қамалғандардың бәрі босатылды. Дегенмен, басқа ірі қалалардағы шерулер жаппай тәртіпсіздіктер мен билік органдарына шабуылға әкеліп соқты.

Оның үстіне Алматыдағы оқиғалар – әкімшілік және әскери нысандарға шабуылдар, әуежайды басып алу және шетелдік жолаушы және жүк ұшақтарының ұсталуы - шабуыл жасаушылар іс-әрекеттерінің жоғары деңгейде дайындалғанын және үйлестіргенін көрсетеді. Талдау көрсеткендей, Қазақстан шетелде дайындықтан өткен террористік топтардың қарулы басып кіруіне тап болды.

Жағдайдың күрт шиеленісуіне байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы қызметіне кірісіп, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарты ұйымына мүше мемлекеттерге терроризмге қарсы операция жүргізуге әскери көмек көрсету туралы өтініш білдірді.

Жарияланған төтенше жағдай қоғамдық қауіпсіздікті және заңдылықты сақтауға бағытталған шаралар кешенін қамтиды. Құқық қорғау органдары мен Қазақстан Республикасы Қарулы күштері кез келген заңсыз әрекеттердің жолын кесуге уәкілетті.

Сонымен қатар, мемлекет көпұлтты және көпконфессиялы халқымыздың барлық өкілдерінің құқықтары мен мүдделерін, сондай-ақ дипломатиялық корпус пен журналисттерді қоса алғандағы еліміздегі шетел азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді жалғастырады. Шетелдік инвестициялар мен шетелдік компаниялардың бизнесіне қорғау беріледі.

Қазақстан Республикасы адам құқықтары саласындағы халықаралық міндеттемелерін орындауға және ҚР Президенті Қ.Тоқаев жүзеге асырып келе жатқан "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасы аясындағы реформалар курсының жалғасуына мүдделі.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың ағымдағы мәселелері бойынша халықаралық серіктестерімен ұдайы байланыста".

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу