ҚР тұңғыш Президент күніне орай Жамбыл облысында 41 нысан пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Елбасы Жолдауында медициналық қызмет сапасы халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің аса маңызды компоненті болып саналатынын баса айтты десек, облыста мереке қарсаңында ашылған 41 нысанның 32-сі медициналық мекемелер. Оның 29-ы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында бой көтерген. Нақтылай тоқталсақ, 13-і ауысымына 5 келушіге арналған медициналық пункттер. 9-ы 15 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория, қалғаны ауысымына 10 келушіге арналған 7 фельдшерлік-акушерлік пункт. Бұлардың дені аудандардан ашылған.
Айта кету керек, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында бой көтерген 29 медициналық нысанға барлығы 843 миллион теңге қаржы жұмсалған. Аталған нысандардың құрылысы өзге өңірлердегі бюджеттік инвестициялық жобалармен салыстырғанда құны төмен болып, 1,4 млрд теңге бюджет қаражаты үнемделді.
Бұл арқылы ауылдық жерлердегі алғашқы медициналық көмек көрсету қажеттілігі 84 пайызға қамтылады. Облыста 95 алғашқы медициналық көмек көрсету ұйымдарына ғимарат қажет болатын. Бұны мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салу жоспарлануда. Оның 29-ы биыл ашылса, 2019 жылы 40, 2020 жылы 25 нысан бой көтереді деп жоспарлануда. Осылайша алдағы екі жылда толық қажеттілік қамтамасыз етілмек.
ҚР Тұңғыш Президент күніне орай Жамбыл облысында халықтың медициналық мекемелерге деген қолжетімділігін арттыруға арналған бұл нысандардан бөлек, жұртшылықтың әлеуметтік тұрмыс сапасын арттыруға негізделген мекемелер де ел игілігіне берілді.
Атап айтар болсақ, Тараз қаласында полиция басқармасы №1 полиция бөлімінің қабылдау бөлмесі, Жамбыл ауданында "Мөлдір", Жуалы ауданында "Әсем достар" жекеменшік балабақшалары, Қордай ауданында 75 орындық "Балалық шуағы", 50 орындық "Нұр-Әділ"", 50 орындық "Балалық базары" балабақшалары және 120 орындық "Болашақ" шағын орталығы, Т.Рысқұлов ауданында 120 орындық "Бота" бөбекжайы, Ауқатты ауылдық полиция бөлімшелері ашылды.
Мереке қарсаңында пайдалануға берілген барлық 41 нысан алдағы уақытта Елбасы Жолдауындағы негізгі міндеттердің орындалуы жолында ел игілігіне жұмыс жасай бермек.
Сондай-ақ, мереке қарсаңында Тараз қаласында медицициналық жедел жәрдем стансасына 27 автокөліктің кілті тапсырылды.