Красноярскі аумағындағы Ванкор кен орнында МИ-8 тікұшағы құлап, 18 адам қаза тапты, деп хабарлайды РИА Новости-ге сілтемемен ҚазАқпарат.
ТЖМ-нің мәліметінше, апат жергілікті уақыт бойынша сағат 10:20-да (Мәскеу уақытымен 6:20) Игарка елдімекенінен екі шақырым жерде болған.
Тергеу комитеті тікұшақтың бортында экипаждың 3 мүшесі мен 15 вахташы болғанын жеткізді. Қауіпсіздік ережелерінің бұзылу бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Тікұшақ елсіз жерге құлаған. Екі қара жәшік (ұшу параметрлерін тіркеу құралы мен борттық сөйлеу өздігінен жазғыш құралы) табылды. Олардың жағдайы анықталуда.
Агенттікпен сұхбаттасушы Ми-8 екі шақырымдай ұшқаннан кейін құлап, өртенгенін айтты. Жерге соғылған тұста тікұшақтың екі отын багы атылып кеткен.
Алдын ала жасалған мәліметтер бойынша, тікұшақтың құлауына техникалық ақау немесе ұшқыштың жасаған қателіктері себеп болуы мүмкін.
Агенттіктің дереккөзінен белгілі болғандай, тікұшақ Ванкор компаниясының қызметкерлерін әкеле жатқан. Сонай-ақ, сұхбаттасушының айтуынша, әуе кемесі UTair компаниясына тиесілі.
Батыс Сібір көлік прокуратурасы апат дерегіне қатысты әуе көліктерінің қозғалысының қауіпсіздігі жөніндегі заңнаманың сақталуы бойынша тексеріс ұйымдастырды. Оқиға орнына өңірдің губернаторының уақытша міндетін орындаушы Александр Усс ұшып барды.