Қазақстанда кредит алған кәсіпкер әйелдердің 97%-ы қарызын қайтарды. Бұл туралы мәжіліс депутаты, Әйелдер ісі бойынша және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия басшы Ләззат Рамазанова айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
"Бүгінде шағын технологияларды дамыту маңызды. Статистика деректері оның тиімді екенін көрсетіп отыр. Қазақстандағы микробизнестің 70%-ын әйелдер басқарады. Қазір оларға жаңа технологияларды кеңейтудің тәсілдері керек. Микроқаржыландырудың басым бөлігін де әйелдер алады", – деді Ләззат Рамазанова Қазақстан ауыл әйелдерінің IV форумында.
Оның айтуынша, "Даму" қоры мен банктер арқылы кәсіпкерлікті қолдау тиімді екенін көрсеткен.
"Кредитті қайтару бойынша әйелдердің үлесі 97 пайызды құрайды. Сондықтан ауыл әйелдерінің кәсіпкерлерін ілгерілендіруді кеңейтудің жаңа тетіктерін ойластыру керек", – деді депутат.
Сондай-ақ Ләззат Рамазанова шалғай ауылдарға бизнестің тетіктерін жеткізу үшін еңбек ету керегін атап өтті.