Қазақстанның аумағында теңге жалғыз төлем құралы болып табылады. Осыған орай криптовалюталар ел аумағында төлем құралы ретінде пайдаланыла алмайды.
Бұл туралы бүгін Қазақстан Ұлттық банкінің өкілдері айтты, деп хабарлайды бас банктің баспасөз қызметі.
"Қаржы ұйымдарына сондай-ақ заңнамада тікелей көзделмеген операцияларды жүргізуге тыйым салынады. Осылайша, тікелей реттеуге қарамастан, бүгінгі күні қаржы секторында меншікті немесе клиенттік операциялар бойынша, сондай-ақ есеп айырысу бірлігі ретінде криптовалюталарды пайдалану заңнамаға қайшы келеді", - деп түсініктеме берді Ұлттық банктің төлем жүйелері департаменті басқармасының бастығы Алина Иманғазина.
Тек соңғы екі айда ең белгілі криптовалюта – биткоиннің бағасы 2,5 есе құлдырады. Бұл нарықтағы кейінгі іс-қимылды болжау мүмкін емес.
"Бұдан басқа, криптовалюталардың танымалдығы аясында қаржылық пирамидалар белгілері бар түрлі алаяқтық схемалары туындайды. Сонымен бірге криптовалюталар арқылы жаңа жобаларға қаражат тарту (ICO) белсенді түрде жарнамалануда. ICO инвестициялау қағидаттары IPO-ға ұқсас екендігіне қарамастан, бұл жағдайда ешкім эмитенттерді тексермейді және инвесторлардың құқықтарын қорғауға кепілдік бермейді. Криптовалюталармен барлық операцияларды халық пен заңды тұлғалар тәуекелге бел буып жасайды", - деді ол.
Криптовалюталармен жасалатын операциялармен қатар жүретін теріс салдарды азайту үшін Ұлттық Банктің сарапшылары криптовалюталық қаржылық пирамидалардың пайда болуын болдырмау, халықтың цифрлық және қаржылық сауаттылығын арттыру, осы саладағы заңнаманы қатаңдату жөніндегі жұмыстарды күшейту қажет деп санайды.