"Криптовалютамен төлейміз": Өскеменде екі күдікті ұсталды

291

 1 келіден астам психотроптық зат табылды.  

"Криптовалютамен төлейміз": Өскеменде екі күдікті ұсталды Фото: gov.kz

Шығыс Қазақстан облысында интернет арқылы жұмыс тапқан екі жас жігіт психотроптық заттардың заңсыз айналымына қатысы бар деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

ШҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері облыстық прокуратурамен бірлесіп, "Қарасора" және "Паутина" жедел-профилактикалық іс-шаралары аясында күдіктілерді анықтаған.

Полиция мәліметінше, ұсталғандардың бірі шілде айында интернет арқылы жұмыс тапқан. Көп ұзамай оның қызметі тыйым салынған заттарды алып, өлшеп, буып-түюмен байланысты болған. "Жұмысы" үшін оған криптовалюта түрінде ақы төленіп, кейін оны банк шоттары арқылы қолма-қол ақшаға айналдырып отырған.

Тінту барысында полицейлер төрт пластик ыдыс, ұнтақ тәрізді зат салынған зип-пакет, изолента және үш электронды таразыны тәркіледі.

Сараптама қорытындысына сәйкес, шамамен 800 грамм α-PVP және 334 грамм мефедрон анықталған. Психотроптық заттардың жалпы салмағы 1 келіден асты.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Полиция интернеттегі "оңай табыс" туралы ұсыныстарға сақ болуға шақырды. Тыйым салынған заттарды алу, сақтау немесе буып-түю сияқты жекелеген тапсырмаларды орындаудың өзі қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу