Криштиану Роналду – әлемнің үздік футболшысы. Халықаралық футбол федерациясы дауыс беру арқылы анықтаған есім осы, деп жазады 24Хабар.
Ұлттық құрама бапкерлері мен капитандары және журналистер мен жанкүйерлер Португалия мен "Реалдың" жартылай қорғаушысын үздік деп таныды. Қазақстаннан Талғат Байсуфинов пен Бауыржан Исламхан дауыс берді. Бапкер Мессиді мықты деп танып, Роналдуды екінші нөмірге балапты. Ал Бауыржан алдымен Андрес Иньестаны қойып, Леоны екінші, ал Криштиануды үшінші етіп жазған. Соңғы жылдары Криштиану Роналду мен Леонель Месси екеуі ерекше көзге түсіп жүр. Алайда Аргентина құрамасының шабуылшысы салтанатты кешке келген жоқ. "Барселонадан" да бірде-бір спортшы қатыспады. Бірақ бұл Роналдудың көңіл-күйіне әсер етпеген көрінеді. Португалия футболшысы берілген дауыстың 34,54%-ына ие болған. Мессидің межесі – 26,42%. Цюрихте маусымның үздік бапкері де марапатталды. Жүлде Клаудио Раньериге бұйырды. Ең үздік гол соққан ойыншыға берілетін "Ференц Пушкаш" атындағы жүлде Мохд Фаиз Сабриге тапсырылды. Ал Карли Ллойд қыздар арасында ең үздік футболшы атанды.