КСРО аумағында қуғын-сүргін мен ашаршылық зардабын көп көрген қазақ халқы. 1937-1938 жылдары құрылған лагерлерге 5 миллионнан астам адам қамалды. Қазақстанда жүздеген мың адам жазаланды, ал 25 мыңы атылды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Олардың басым бөлігі ұлт зиялылары еді. 25 833 адам партиядан шығарылып, олардың 8 544-іне "халық жауы" немесе "халық жауының сыбайласы" деген айып тағылды. 30-жылдары кем дегенде 2,5 миллион қазақ аштықтан көз жұмды. Тарихшылар көптен нәубетті "геноцид" деп таныған кезде ғана тарихи әділеттілік орнайды деген пікір айтып жүр. Бұған қатысты депутаттар да өз ойын білдірді.
20 мемлекет ашаршылықты Украинаға жасалған геноцид деп таныды
Ал Украинадағы 1931-33-жылдардағы аштықты әлем сол елге жасалған "геноцид" деп ресми түрде танып жатыр. Бүгінде Сталин режимі әдейі қудалады, қолдан ашаршылық ұйымдастырып, қырғынға ұшыратты, деп растаған мемлекеттердің саны жиырмадан асады. Мұны Франция наурыз айында, ал Германия Үкіметі былтыр желтоқсанда мойындады. Ресей билігі болса, бұл ұстанымды "тарихқа қайшы әрі ақылға сыйымсыз" деп бағалаған еді.