Инвестициялар және даму министрлігінің азаматтық авиация комитеті халықаралық әуе көлігі қауымдастығымен (IATA) КСРО дәуірінен бері ауыспай келе жатқан Астана және Қазақстанның өзге де қалаларындағы әуежайлардың кодын өзгерту жөнінде келіссөздерді бастады. Бұл туралы азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев хабарлады, деп жазады elorda.info.
"Әлеуметтік желілерде Астана әуежайына бекітілген TSE кодын жаңа белгіге ауыстыру жөнінде көптеген ұсыныстар айтылып жатыр. Түрлі нұсқалар бар, мысалы - NIA (Nazarbayev International Airport), NNA (Nursultan Nazarbayev Airport) немесе NAN. Қазір біз IATA-мен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Бірақ бұл мәселе бір күнде шешіле қоймасы анық. Өйткені жаңа код беру оңай шаруа емес. Біріншіден код бәріне бірдей жете бермейді (түрлі мемлекеттерден өтініштер өте көп), екіншіден кодтың ауысуына байланысты бүкіл брондау жүйесіне және анықтама бюросына өзгеріс енгізу керек. Оның үстіне IATA кодты бір рет береді және негізсіз өзгертпейді", – деп атап өтті комитет төрағасы Талғат Ластаев.
Талғат Ластаевтың айтуынша, осы күнге дейін IATA-ға код ауыстыру жөнінде бразилиялықтар өтініш түсірген. Бірақ, жаңарып кеткен ештеңе жоқ, Рио – де Жанейро әуежайының коды әлі күнге дейін- GIG. Сол секілді өзге әуежайлардың да коды өзгере қоймаған. Мысалы, Санкт-Петербур әуежайы – LED (Ленинград), Бішкек – FRU (Фрунзе), Мумбай – BOM (Бомбей). Дегенмен Қазақстанның 4 әуежайының кодын өзгерту бойынша келіссөзді жалғастырады. Олар: Гурьев GUW атауымен жүрген Атырау, Джамбул DMB-Тараз, Шевченко SCO-Ақтау.
"Қазіргі уақытта IATA-мен келіссөздер жалғасуда. Егер 4 әуежайдың кодын түгел өзгерте алмасақ та, Астана әуежайының кодын ауыстырамыз деген үміттеміз", –дейді Т. Ластаев.