Биыл ҚТЖ желісінде 147,6 млн тонна жүк тасымалданыпты. "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, бұл көрсеткішті өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,1 пайызға артық, деп жазады inbusiness.kz.
"Ішкі тасымал көлемі 2,7%-ке, яғни 97,8 млн тоннаға дейін өсті. Экспорттық тасымал 49,7 млн тонна жүкті құрады", – деп жазылған ҚТЖ мәліметінде.
Осы жылдың 7 айында 62 млн тонна тас көмір тиеліп, былтырғы деңгейден 4,6%-ға жоғары нәтиже болған. Оның 42,4 млн тоннасы ел ішіне тасымалданған. Ал экспорт 12,2%-ға, яғни 19,7 млн тоннаға дейін өскен.
Астық тасымалына келер болсақ, оның көлемі 4,9 млн тонна деңгейінде, экспортқа 3,7 млн тоннасы жөнелтілген.
"Осы кезеңде химиялық тыңайтқыштарды тасымалдау 7%-ке (2,4 млн.тонна), мұнай жүктерін тасымалдау 4,1%-ке (10,5 млн тоннаға дейін), құрылыс жүктерін тасымалдау 1%-ке (8,8 млн тонна) ұлғайды. Темір және марганец кендерін тиеу 12 млн тоннаны, түсті кен тиеу 13 млн тоннаны құрады", – деп жазылған қаңтар-шілде қорытындысында.