Елімізде көктемгі су тасқыны қаупі жоғары 5 өңір бар, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Атап айтқанда, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Абай облыстары жоғары тәуекел аймағына кіреді.
Орташа тәуекел аймағында: Ұлытау, Жетісу, Қостанай, Батыс Қазақстан және Алматы облыстары.
Осыған байланысты "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ-да алдағы көктемгі су тасқыны кезеңінде пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін және теміржол инфрақұрылымын қорғауды қамтамасыз ету бойынша жұмыстар басталды.
Компанияда жолдардың шайылып кетуінің алдын алуға және үздіксіз тасымалдауды қамтамасыз етуге бағытталған ұйымдастыру-техникалық іс-шаралар жоспары бекітілді.

2026 жылдың көктемгі кезеңіне дайындық аясында теміржолшылар магистральдық желі бойынша жұмыстар кешені: көпірлерді, су өткізгіш құбырлар мен кюветтерді қардан, мұздан және қоқыстан тазарту жүргізілуде. Су басу қаупі жоғары аймақтарға ерекше назар аударылады:
- Темір жолы төсеміне еріген сулардың әсерін азайту үшін жер үйінділерін нығайту және бұру арналары жүйесін құру бойынша жұмыстар жүргізілуде;
- Таулы және солтүстік өңірлерде (Защитинский, Атбасар, Есіл, Екібастұз учаскелері) қар массаларының бақылаусыз түсуін және өзендерде мұз кептелістерінің пайда болуын болдырмау үшін бұрғылау-жару жұмыстары жоспарлануда;
- Гидротехникалық құрылыстардың жай-күйін және темір жолдарға жақын орналасқан су айдындарындағы су деңгейін бақылау күшейтілді. Локомотив бригадаларына қауіп-қатер анықталған кезде дереу хабарлау қажеттілігі туралы нұсқау берілді.