ҚТЖ Қытаймен арадағы теміржол жүк тасымалы болжамын 10,5%-ға ұлғайтты

974

Шекара өткелдері арқылы жүк тасымалының көлемін арттыруға ерекше көңіл бөлінбек. 

ҚТЖ Қытаймен арадағы теміржол жүк тасымалы болжамын 10,5%-ға ұлғайтты
"Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы (ҚТЖ) Қытай мен Қазақстан арасындағы теміржол көлігінің жүк айналымы жөніндегі болжамын 2020 жылы 21 миллион тоннаға дейін жақсартты, деп хабарлады ҚТЖ баспасөз қызметі. 

20 қыркүйек күні "ҚТЖ" ҰК" АҚ Басқарма Төрағасы Сауат Мыңбаев "Қытай темір жолдары" Директорлар кеңесінің төрағасы Лу Дунфумен бейнеконференция форматында кездесу өткізді. Жүздесу барысында екі ел арасындағы жүк тасымалының оң қарқын алып келе жатқаны айтылды. 

"2020 жылдың 8 айында Қытай мен Қазақстан арасындағы шекара өткелдері арқылы жүк тасымалының көлемі 14,2 млн тоннаны құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30%-ға артық", – деп атап айтты Лу Дунфу.
Кездесу барысында тараптар Достық – Алашаңқай және Алтынкөл – Қорғас шекара өткелдері арқылы жүк тасымалының көлемін арттыруға ерекше көңіл бөлінетінін айтып өтті. 
Сонымен қатар, "ҚТЖ" ҰК" АҚ еліміздің транзиттік мүмкіндіктерін дамытудың маңыздылығын ескере отырып, Достық станциясы инфрақұрылымын жетілдіру және жаңғырту жөніндегі жобаны қолға алатынын мәлім етті. 
"Нұрлы жол" мемлекеттік инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы аясында 2020-2025 жылдар аралығында "Достық – Мойынты" транспорттық темір жол дәлізін дамытудың алғашқы кезеңін жүзеге асырамыз. Темір жолдар мен бірқатар темір жол инфрақұрылымы нысандарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұдан басқа жекелген учаскелердің де жұмысын жандандырамыз", – деді Сауат Мыңбаев.

Бұл шаралар алдағы уақытта шекаралық станциялар арқылы пойыздарды кедергісіз, жылдам өткізуге және Қазақстан аумағы арқылы транзиттік тасымал көлемін арттыруға мүмкіндік бермек. Ал, инфрақұрылымдық шешімдерді жүзеге асыру ел аумағында контейнерлік пойыздар жылдамдығына оң ықпалын тигізеді.

Келіссөз барысында ҚР мен ҚХР шекарарасы арқылы автокөліктердің өтуіне қойылған уақытша шектеулер де талқыланды. Қазіргі жағдайды ескере отырып, жүкті контрейлермен тасымалдау технологиясын белсенді пайдалану ұсынылды. 
 
Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу