"Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ теміржол өткелдерінде жүру ережелерін бұзған азаматтарға жауапкершілікті қатаңдатуды көздеп отыр.
"ҚТЖ мемлекеттік органдарға теміржол өткелдеріндегі ереже бұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейту туралы ұсыныс жолдауды жоспарлауда. Бұл бастама теміржол қауіпсіздігін арттыруға, жолаушылар мен теміржол қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған," – делінген ресми мәлімдемеде.
Бұған дейін ҚТЖ "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" ҚР Кодексіне өзгерістер енгізу туралы бастама көтерген болатын.
Ұсыныстар жол қозғалысы қауіпсіздігін бұзу, белгіленбеген жерлерден теміржолды кесіп өту, мал жаю сияқты заң бұзушылықтарға қатысты жауапкершілікті қатаңдатуды көздейді.
Компания өкілдері бұл шаралар теміржол өткелдерінде болатын оқиғалардың санын азайтуға және қозғалыс қатысушыларының тәртібін жақсартуға септігін тигізетініне сенімді.
Жол-көлік оқиғаларының статистикасы
2025 жылдың қаңтар-ақпан айларында теміржол өткелдерінде жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін бұзуынан төрт жол-көлік оқиғасы тіркелді. Соңғы ірі апат 1 наурызда Тендік станциясында орын алды.
Жүк көлігі жүргізушісінің кінәсінен жүк пойызымен соқтығысу салдарынан локомотив бригадасының қызметкерлері зардап шегіп, локомотив пен 11 бос вагон рельстен шығып кетті.
2024 жылы осындай 26 жол-көлік оқиғасы тіркелген.
ҚТЖ теміржол өткелдеріндегі қауіпсіздік ережелерін мүлтіксіз сақтауға шақырады және барлық азаматтарды қозғалыс тәртібіне жауапкершілікпен қарауға үндейді.