Медициналық сақтандыру қоры жеке ақпараттық жүйесін сынақтан өткізбек

2453

Медициналық сақтандыру қоры "Saqtandyrý" атты жеке ақпараттық жүйесін әзірледі. 

Медициналық сақтандыру қоры жеке ақпараттық  жүйесін сынақтан өткізбек

Медициналық сақтандыру қоры "Saqtandyrý" атты жеке ақпараттық жүйесін әзірледі. Жүйе медициналық қызметті пайдаланушылардың мәртебесін автоматты режимде анықтайды. Жаңа жүйе Қарағанды облысында іске қосылған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың (МӘМС) пилоттық жобасы аясында сынақтан өткізілмек.

"МӘМС жағдайында медициналық көмекке жүгінгенде алдымен медициналық қызметті тұтынушының мәртебесін анықтап алу маңызды. Емхананың немесе аурухананың медициналық ақпараттық жүйесі "Saqtandyrý" ақпараттық жүйесінен тұтынушының сақтандырылғаны немесе сақтандырылмағаны жайлы мәліметтерді сұратады. Соған қарай көмек кепілдендірілген тегін медициналық қызметтердің есебінен, я болмаса, кеңейтілген сақтандыру пакеті есебінен төленеді", – дейді қордың Павлодар облысы бойынша филиалының директоры Айдар Ситказинов.

Бұл ретте, пациенттер үшін қосымша қиындықтар туындамайды, олар бұрынғыдай жеке басын куәландыратын құжатты көрсетуі тиіс. Әрі қарай медициналық ақпараттық жүйе барлық қажетті әрекеттерді өздігінен жүзеге асырады.

"Saqtandyrý" ақпараттық жүйесі пилоттық режимде сынақтан өтіп, ақпараттық қауіпсіздік жағы тексерілгеннен кейін өндірістік пайдалануға берілетін болады. Ал оны толығымен іске қосу үшін бірқатар мемлекеттік органға қарасты 10 ақпараттық жүйемен интеграциялау қажет. Олардың ішінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы және т.б. бар.

Павлодар облысында дәл қазіргі уақытта мемлекетпен кепілдендірілген тегін медициналық көмек көрсететін 63 медициналық ұйым жұмыс істейді. Оның 30-ы – жекеменшік ұйымдар. Медициналық құжаттама тек сандық форматта жүргізіледі. Халықты тіркеу регистрінде бекітілген облыстың әрбір тұрғыны жеке электрондық денсаулық паспортымен қамтамасыз етілген. Құжаттар пациенттерді электрондық форматта бақылау және емдеу барысын қадағалауға мүмкіндік береді.

2020 жылдың 1 қаңтарына дейін жұмыс берушілер өз жұмыскерлері үшін қаржы аударып келеді. Төлем қызметкер кірісінің 1,5 % құрайды. Сондай-ақ, 2019 жылдың қаңтарынан бастап өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындар бірыңғай жиынтық төлемін төлей алады. Олар 2020 жылдан бастап жарнасын мемлекет төлеп беретін әлеуметтік қорғалмаған азаматтармен қатар сақтандырылған адамның мәртебесін алады. Бұл ретте, МӘМС жүйесінде үш айлық өтпелі кезең қарастырылған. Соның нәтижесінде 2020 жылдың қаңтарынан бастап сәуір айына дейін барлық азаматтар сақтандырылған мәртебесін алады. Осылайша, олар медициналық көмекті толық көлемде ала алады.

Еске сала кетейік, сақтандырылған пациенттерге вирустық гепатиттерді ерте кезден анықтау үшін қосымша алдын ала тексеруден өту мүмкіндігі ұсынылады. Сондай-ақ, сақтандыру пакетінде инсульт, инфаркт, ауыр жарақат алған немесе күрделі ота жасалған емделушілерге оңалту көмегі айтарлықтай кеңейтілген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу