Қазақстанда азаматтық хал актілері туралы анықтамалар мен куәліктерді (туу туралы, қайтыс болғаны туралы, некені тіркеу немесе ажырасу туралы, сондай-ақ аты-жөнін ауыстыру туралы куәліктер) қайта алу мерзімі 50-ден 15 жұмыс күніне дейін қысқартылмақ. Бұл туралы "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының төрағасы Абылайхан Оспанов хабарлады, деп жазады egemen.kz.
"Бұрын туу туралы куәлікті қайта алу үшін өзіңіз дүниеге келген қаланың ХҚО-сына өтініш берсеңіз, 5 жұмыс күні қажет болатын. Ал, егер сіз Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында туып, Астанада тұрсаңыз, дайын құжатты 50 күнге дейін күтуіңізге тура келетін еді", - дейді Абылайхан Оспанов.
Оның айтуынша, енді дайын құжатты 15 жұмыс күні ішінде алуға болады.
"Біз әділет министрлігі мен "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ-дағы әріптестерімізбен бірлесіп, ХҚО Интеграцияланған ақпарттық жүйесі мен Азаматтық хал актілерін тіркеу (АХАТ) ақпараттық жүйелерін біріктірдік. Осының арқасында куәліктерді немесе анықтамаларды қайта дайындауға берілген өтініш ХҚО-дан тууы тіркелген АХАТ бөліміне бірден түседі. Енді дайын құжатты 15 жұмыс күні ішінде алуға болады. Біз бұл мерзімді 5 жұмыс күніне қысқартқымыз келіп отыр. Бұл жаңашылдық Қазақстанның барлық аумағында енгізіледі", - деп түсіндірді мемлекеттік корпорация басшысы.
Былтыр қазақстандықтар азаматтық хал актілері туралы анықтамалар мен куәліктерді қайта алуға 328 239 өтініш берген.