"Қуанатын мәселе емес": Депутат еңбек нарығы біліктілігі төмен мамандықтармен толғанын айтты

534

Елімізде атом саласының мамандары, ІТ мамандар, программисттер сұранысқа ие. 

"Қуанатын мәселе емес": Депутат еңбек нарығы біліктілігі төмен мамандықтармен толғанын айтты Фото: Парламент Мәжілісі

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова еңбек нарығында дисбаланс орнағанын айтып, мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Еңбек ресурстарын дамыту орталығы жыл сайын өздерінің болжамдарын әзірлейді. Сол болжамға сәйкес, 2023-2030 жылдар аралығында Қазақстанда 25 мамандық өте сұранысқа жоғары мамандықтардың қатарына кіреді. Бірақ сол тізімді ашып қарасақ, қуанатын мәселе емес. Себебі, екінші орында күзетші мамандығы, төртінші орында такси жүргізушілері сұранысқа ие болып отыр. Біз бұдан не көреміз? Экономикамыз үшін ойланатын мәселе", - деді депутат. 

Халық қалаулысы Жұлдыз Сүлейменова еңбек нарығы төлемі және біліктілігі төмен мамандықтармен толғанын жектізді. 

"Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі осы дисбалансты жою үшін қандай бағдарлама қабылдайды? Осы жөнінде нақты айта өтсеңіз. Өйткені, еңбек нарығын реттеуге байланысты тұжырымдама бар. Тұжырымдаманың аясында біз әр саланың министрліктеріне жауапкершілікті артып отырмыз. Бірақ еңбек министрлігі осы саланың негізгі ведомстволық жауапкершілігін іске асыратын үлкен сала ретінде қандай бағдарламаны жүзеге асырасыздар?", - деп сұрады ол.

Сауалға жауап берген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың сөзінше, Қазақстанда сұранысқа ие мамандықтар бойынша жаңа бағдарлама жасалды.

"Сіз нақты қай дерек көзінен мәлімет алғаныңызды білмеймін, бірақ біз жыл сайын үш мерзімде болжам береміз. Ұзақ мерзімді уақыттағы және қысқа мерзімді уақыттағы сұранысқа ие мамандықтарды жариялаймыз. Сонымен қатар оларды еңбек нарығына тартуға жағдай жасаймыз. Атап айтсақ, атом саласының мамандары, ІТ мамандары, программисттер, блокчейн және басқалары", - деді ведомство басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу